Бейжіңде Наурыз мейрамын тойлап келе жатқанымызға 40 жылдай уақыт болды - Балапан Рабатов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай астанасында тұратын қандасымыз, Бейжіңдегі Орталық халық радиостансасының құрамындағы Қазақ радиосының дикторы, ақын Балапан Рабатов Алаш жұртын алда келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Ұлыс күні қазақ жұрты үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Қытай елінде тұратын қазақтар да Наурызды жыл басы ретінде ерекше атап өтеді. Наурыз күні әрбір шаңырақта үлкен шаттық орнайды. Наурыз мерекесіне Бейжіңде тұратын қандастардың ықыласы өткен ғасырдың 80-жылдары оянды десем қателеспейтін шығармын. А.Мажит, Е.Әбілқасым, М. Әбілқақ, Ж.Сағат қатарлы ағабуын өкілдері бас боп, ата дәстүріне сай жеті дәмнен көже жасап, кәдімгідей мерекелік қимыл өткен-ді. Содан бері Бейжіңде Наурыз мейрамын тойлап келе жатқанымызға да 40 жылдай уақыт болыпты. Соңғы жылдары Наурыз тойына арналған мерекелік шара арнаулы өнер ұжымдарын шақыру, концерттік бағдарлама дайындау, телеарналарға түсіріп тарату сынды ауқымды өреге көтерілді. Әрине, Қытай еліндегі бұл мерекенің үлкені ШҰАӨ-де, Үрімжі, Құлжа, Алтай, Тарбағатай, Баркөл, Ақсай қатарлы қазақтар жиі қоныстанған орталық қалаларда, автономиялық облыс, аймақтарда, аудан, ауылдарда аса жоғары деңгейде тойланады. Ұлттық теле-радио арналары, баспасөз қызметі түгел мерекелік көрсетілім, радиохабар, арнаулы бет дайындайды. Наурыз мерекесі де мемлекеттік маңызға ие, үш күн демалыс берілген.

Төл мерекеміздің жаңа ұрпақтың сана-сезіміне ұлттық құндылықтарды сіңірудегі өскелең рөлін бағалаған абзал. Наурыз ешкімнің міндеттеуінсіз әр қазаққа мақтаныш болатын, үкілі үміті мен арман-тілегіне ұштасқан, әркімнің жүрегінен, ішкі сарайынан орын алған шынайы мерекеге айналуы тиіс. Алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен Алаш жұртын, Қазақстан деп аталатын байтақ елдің халқын шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жылдың басы әрбір жанұяға құт-береке әкелсін!»,  дейді ақын Балапан Рабатов. 

2 3 4 

Соңғы жаңалықтар