Бейжіңде сайлау учаскесі ашылды

ЖІҢ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бүгін Бейжіңде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде салтанатты жағдайда №135-ші сайлау учаскесі ашылды.

Бейжіңде  сайлау учаскесі ашылды

Қытай елордасында тұрып жатқан қазақстандықтар осы учаскеге келіп, бүгін кешкі сағат 20.00-ге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатыса алады.

Сайлау учаскесі ашылғаннан кейін бірінші болып Қазақстан Елшісі Икрам Адырбеков зайыбымен, Елшілік дипломаттары, Бейжіңде тіркелген ұлттық компаниялардың өкілдері дауыс берді.

Дипломатиялық миссия жанындағы учаскеде дауыс берудің алғашқы қорытындылары түнгі сағат 01.00-ге қарай шығарылады. Көшпелі дауыс беру жүргізіліп жатқан Шанхай және Гонконгтан жеткізілетін бюллетень салынған жәшіктер де осы жерде ашылады. Сайлаушылардың дауыстары саналып болған соң, ҚР Орталық сайлау комиссиясына тиісті хаттама жолданады.

Бейжің сайлау учаскесінің учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстан Елшілігінің консулы Қазбек Сәрсембаев, дауыс берудің қорытынды құжаттары 4 сәуірде арнайы поштамен Астанаға жөнелтілетінін атап көрсетті.