Бейжіңде ШЫҰ ынтымақтастығын тереңдету мәселелері талқыланды
БЕЙЖІҢ. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Бейжіңде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жаңа бас хатшысы Дмитрий Мезенцевтің ҚХР СІМ-нің басшысы Ян Цзечимен кездесуі барысында ШЫҰ аясында ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.
Қытай СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, тараптар саясат, қауіпсіздік, экономика және мәдениет сынды салаларда ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Ұйымға мүше-мемлекеттердің бірлесіп дамуына қолғабыс ету үшін аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер алдағы уақытта да өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін әртүрлі салаларда тығыз ынтымақтастықта болатынына сенім білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, ШЫҰ-ның 2012 жылдың маусымында өткен саммитінің нәтижесі бойынша Дмитрий Мезенцев Ұйымға мүше-мемлекет басшыларының шешімімен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы болып тағайындалды. Бұған дейін Д.Мезенцев ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесін басқарды.