Бейжіңде «Тәжіктер тарих айнасында» кітабының таныстырылымы өтті
БЕЙЖІҢ. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бүгін Бейжіңде Тәжікстан Республикасының Елшілігінде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоновтың қытай тіліне аударылған «Тәжіктер тарих айнасында» кітабының таныстырылымы өтті.
Алғысөз сөйлеген Тәжікстан Елшісі Рашид Әлімов «Тәжіктер тарих айнасында» кітабының қытай тілінде жарық көруі - тәжік-қытай қатынастарының заманауи тарихындағы маңызды оқиға, мәдениеттер диалогына қосылған үлкен үлес. Кітапта 110 мыңдай иероглиф бар, оның әрқайсысы Қытайдың батысындағы көршісі - тәжік халқының бай тарихы мен мәдениеті туралы баяндайды», деп атап көрсетті.
Дипломат сондай-ақ, қыркүйектің 22-сінде Тәжікстанның Республика күніне орай Шанхайдағы Дүниежүзілік көрменің аясында салтанатты шара өтіп, осы кітаптың бір данасы ЭКСПО-2010 көрмесіндегі Тәжікстан павильонына келуші 3 миллионыншы адамға табыс етілмек.
Елшілік «Тәжіктер тарих айнасында» кітабының таныстырылымымен, 2011 жылы қыркүйектің 9-ында атап өтілетін Тәжікстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шараларды бастап отыр.