Бейжіңде Транскаспий дәлізіндегі Қазақстанның рөлі туралы айтылды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Инвестициялар және даму вице-миинистрі Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудағы Транскаспий сауда және транзит дәлізінің рөлі» халықаралық конференциясына қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.
Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) - Қытай, Қазақстан Каспий акваториясы арқылы Әзербайжан, Грузия одан ары Еуропа елдеріне шығатын халықаралық көлік дәлізі.
Р.Скляр конференцияның ашылуында Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы 10 жылдың көлемінде ҚР көлік саласына 30 млрд доллар инвестиция құйылып, 2,5 мың шақырым темір жол салынып, 19,5 мың шақырым автожол қайта жөндеуден өткен. Каспий теңізіндегі Қазақстан порттарының өткізу мүмкіндігі 23,5 млн тоннаға дейін ұлғайып, 15 әуежайдың ұшырып-қондыру жолақтары жаңғыртылған.
Жиында «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ вице-президенті Санжар Елубаев сөз сөйледі.
Оның айтуынша, мамандар Транскаспий бағыты мен Шығыс және Оңтүстік Еуропадағы тауар айналымы 2020 жылға қарай 922 млрд долларға дейін өсетіні туралы баға берген. Жүк көлемінің әлеуетімен есептесек, бұл 20 футтық өлшемдегі 300 мыңнан астам контейнер деген сөз.