Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына билеттер сату реті белгіленбеді

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Бейжіңдегі Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарына билеттер сату ретін анықтамады. Бұл туралы бейсенбі күні ҚХР Мемлекеттік кеңесі баспасөз кеңсесінің брифингі барысында «Бейжің-2022» ұйымдастыру комитетінің бас хатшысы Хан Цзыжун мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына билеттер сату реті белгіленбеді

Хан Цзычжун билеттері сату мәселесі қоғамды алаңдатып отырғанын мәлім етті. Коронавирустың таралуын болдырмау және халықаралық спорттық іс-шараға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Олимпиада шетелдік жанкүйерлерсіз өтеді деген шешім қабылданды.

«Біз «ішкі көрермендер» үшін билеттер сату саясатын әзірлеу үстіндеміз. Дайын болғанда ресми каналдар арқылы белгіленген тәртіппен жариялаймыз», - деп атап өтті ол. «Бейжің-2022» ұйымдастыру комитетінің басшысы Халықаралық олимпиада комитетімен тығыз байланыста екенін және жергілікті жанкүйерлерге билеттер сату саясатын эпидемиологиялық жағдайға сәйкес анықтайтынын жеткізді. Бейжіңдегі қысқы Олимпиада 2022 жылдың 4-20 ақпаны аралығында өтеді.

Авторы Руслан Сүлейменов