Бейжіңді қара түтін басып тұр: 150-ден астам рейс тоқтатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжіңнің Шоуду халықаралық әуежайында қою қара түтіннен ең кемі 169 рейс тоқтатылды, деп хабарлайды ТАСС.
Әуежай әкімшілігінің мәлімдеуінше, барлық жолаушыға ыстық тамақтар беріліп жатыр және кестедегі өзгерістер туралы дер кезінде хабарлау ұйымдастырылған.
Қаланы тұмшалаған қалың түтін - өндірістік кәсіпорындардың шығарған қалдығы. Әсіресе, жылыту маусымында көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары ауаға тозаңды көптеп бөлуде.
Қазіргі уақытта Бейжіңде денсаулыққа қауіпті ПМ-2,5 (PM 2,5) ұсақ қатты бөлшектер бір текше метрге 380 микрограмнан асып кетті. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының келісіміне сәйкес, ПМ-2,5 бөлшектерінің ауадағы құрамының күнделікті қауіпсіз нормасы әр текше метрге 25 микрограмнан аспауы тиіс.