Бейжіңнен жеткен сәлем: қазақстандық кеден полковнигі С.Нұрғалиева әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі, Қазақстан кеден қызметінің полковнигі Сәуле Нұрғалиева әйелдерді 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
«Қымбатты, аяулы әйелдер! Сіздерді көктемнің ең шуақты мерекесі - 8 наурызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің үлкеніңізден бастап кішіңізге дейін - әрбіріңіздің өз миссияларыңыз бар, табиғат әйелдерге сүйкімділік, қайсарлық, нәзіктік, шексіз адалдық, таңқаларлық шыдамдылық сынды қасиеттерді бекер дарытқан жоқ. Өмірге әкелетін, отбасы ошағын сақтайтын, болашақ батырлар, романтиктер, жақсы адамдарды тәрбиелейтін - Өздеріңіз. Балаларымыздың қандай болып өсетіні, Қазақстанның қандай болатыны, ертеңгі әлемнің болашағы көбіне Сіздерге байланысты. Мейірімділік, ізгілік, даналық нұрын шашып, кәсіби және қоғамдық өмірде табыстарға жете беріңіздер!» - деп білдірді ол жылы лебізін «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.
Сәуле Мұхаметрахымқызы Нұрғалиева Қазақстанның кеден органдарында 1984 жылдан бері қызмет етуде. Ол ҚР-дың Дүниежүзілік кеден ұйымында мүддесін қорғап, Бельгия Корольдігінде ҚР Елшілігінің кеңесшісі болып қызмет атқарған.
Қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін «Ерен Еңбегі үшін» (2015 жыл) медалімен, ведомстволық төсбелгілермен, «Кеден органдарындағы мінсіз жұмысы үшін» медалімен марапатталған, ҚР Үкіметінің Құрмет грамотасына (1996 жыл), ҚР Сыртқы істер министрінің атынан көптеген құрмет грамоталарына, т.б. марапаттарға ие болған.