Бейжің БҰҰ Бас хатшысын сайлау жөніндегі ұстанымын жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай БҰҰ-ның келесі Бас хатшысын сайлау процесіне белсенді қатысып, әлемдік ұйымның рөлін нығайтуға бағытталған күш-жігерді қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы Қытай сыртқы істер министрі Ван И Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелетмен кездесуде мәлімдеді. Ол Бачелетті БҰҰ Бас хатшысы қызметіне үміткерлердің бірі ретінде қарастырып отыр.
Ван И Бейжің жаңа Бас хатшыны таңдауда жауапты және сындарлы ұстаным сақтайтынын атап өтті. Қытай БҰҰ-ның тиімділігін арттырып, оның беделі мен жаһандық мәселелерді шешу қабілетін күшейтуге үлес қосуды көздейді.
Қытай дипломатиясының басшысы ұйым өзгеріп жатқан әлемдік жағдайға бейімделіп, жаһандық проблемаларды шешуде негізгі рөлін сақтауы тиіс екенін айтты.
Өз кезегінде Мишель Бачелет БҰҰ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық үшін маңызды алаң болып қала беретінін жеткізді. Оның пікірінше, ұйым БҰҰ Жарғысына сүйеніп, бейбітшілікті сақтау, даму және адам құқықтарын қорғау бағыттарына басымдық беруі керек.
Сондай-ақ ол Қытай саясатын қолдайтынын айтып, Бейжіңнің көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады және БҰҰ-ның ықпалын күшейту үшін басқа елдермен бірге жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, БҰҰ былтыр қараша айында жаңа Бас хатшыны сайлау процесін бастаған болатын. Ұйымның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриштің мандаты 2026 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.