Бейжіңде «ШЫҰ үлгісі» жастар конференциясы өтті

Бейжіңдегі Шанхай Ынтымақтастық ұйымы Хатшылығында Ұйымға мүше-елдердің жас буын өкілдерінің қатысуымен «ШЫҰ үлгісі» Жастар конференциясы өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Бейжің
kazinform

ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Нұрлан Ермекбаев конференцияны ашып сөз сөйлеп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жастар мәселесіне баса назар аударып, өзінің негізгі қызмет бағыттарының бірі санайтынын атап өтті. Осы саладағы негізгі құжаттар — 2018 жылы Циндаода өткен саммитте қабылданған «ШЫҰ мүше-мемлекет басшыларының жастарға ортақ үндеуі» және 2021 жылы Душанбеде қол қойылған «Жастармен жұмыс саласындағы серіктестік туралы келісім». 

«Конференция тақырыбы: Жасыл экономикаға жетер жол: ШЫҰ аймағындағы тұрақты даму стратегиясы». Бұл мәселе Ұйым аясында өте өзекті, келер 2024 жыл «ШЫҰ экологиясы жылы» болып жарияланды.

Қоршаған ортаны қорғау — елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көптеген мәселелермен байланысты. Бұл — ешбір елдің жалғыз шамасы жетпейтін маңызды мәселенің бірі. Бүгінгі конференцияда экология мәселелеріне жаңа қырынан қарап, тәжірибе жүзінде пайдалы шешім қабылданады деп ойлаймыз», - деп атап өтті Н.Ермекбаев.

Іс-шараны ҚХР-дағы ҚР Елшілігі ШЫҰ Хатшылығының қолдауымен 2023-2024 жылғы Ұйымға Қазақстан төрағалық ететін жыл жоспарына сәйкес өткізілді.

2023 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы ШЫҰ төрағалық эстафетасын қабылдағанын еске сала кетейік.