Бейжіңде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы аталып өтті
АСТАНА. KAZINFORM - Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты кеш өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, ақынның немересі, Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің директоры Салтанат Жамбылова, қытай жазушысы әрі аудармашы Акбар Мәжит, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің дипломаттары, сондай-ақ ҚХР-дың шығармашылық, ғылыми және іскерлік топтарының өкілдері қатысты.
Кеш аясында Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге ақынның кітаптары, фотосуреттері, бейнелеу, сәндік-қолданбалы өнер туындылары және этнографиялық жәдігерлер қойылды.
Мерекелік кеш «Жамбыл – ғасыр ақыны» концертімен жалғасты. Сахнада Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті.
Осыған дейін Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған мәдени кеш өткені туралы жаздық.