Безбүйрек ата-ана өз балаларын видеоойын үшін сатып жіберген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы ерлі-зайыптылар екі баласын сатып жіберген. Ал одан түскен ақшаға әкесі F2P-ойындарына жұмсаған, деп жазады шетелдік БАҚ.
А Хуэй мен А Мэй 1990 жылы дүниеге келген. Олар балалы болуды жоспарламаған соң, тұңғышы пайда болғанда қуана қоймаған екен. Анасының сөзіне қарағанда, А Хуэй баласына ақша жұмсауды қаламай, оны Фуцзянь провинциясындағы балалар саудасымен айналысатындарға сатуды ұйғарған. Кейін А Мэй тағы жүкті болып қалған. Оның азаматтық некедегі күйеуі бұл баласын да сатып, ақшасына F2P-ойынын сатып алған. «Ол ойындардағы затты сатып алуды ұнатады және көп уақыт интернет-кафелерде өткізеді», - дейді әйелі.
Отбасылық жұптың қылмысы туралы А Хуэйдің әкесі хабарлады. Қазір балалардың ата-анасы қамауға алынып, сот шешімін күтуде. Қытайда балалар саудасымен айналысқандарға жиі өлім жазасын тағайындайтын көрінеді.
Осыған ұқсас оқиға ҚХР-да 2011 жылы болған. Онда қытайлық ерлі-зайыптылар онлайн-ойындар үшін ақша төлемек болып үш баласын сатқан. Ли Лин және Ли Дзюань балаларын 2009 жылдан сатпақ болған. Белгілі болғандай, олар заңға қарсы әрекет жасап жатқанын білмеген. Балаларыңды сағынбайсыңдар ма деген сауалға олар: «Біз оларды өсіргіміз келмейді, кішкене болсын ақша алу үшін оларды сатқымыз келеді», - деп жауап берген екен.