Биатлон: Қазақстандық Д.Усанова әлем кубогының бірінші кезеңінде 15-інші орынға ілікті
Еуроспорт телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, нысана көздеуден бірде-бір рет мүлт кетпеген итальяндық жас биатлоншы Доротея Вирердің бағы жанып, жеңімпаз атанды. Жарыс барысында екі мәрте нысананы дәл көздей алмағанмен, басқалардан әлдеқайда жоғары жылдамдық көрсеткен франциялық Мари Дорен Абер екінші орынға көтерілді. Ал Д.Вирер сияқты мергендік танытқанымен, ұшқырлығы жетіспеген украиналық Елена Пидгрушная үздік үштікті түйіндеді. Яғни биатлонда шапшаңдық та, мергендік те қажет-ақ.
Қазақстандықтар арасынан озық нәтиже көрсеткен Дарья Усанова нысана көздеуден екі рет мүлт жіберіп, 15-інші орынға ілікті. Бұл - қазақстандық биатлоншылар үшін жақсы көрсеткіш.
Әлем кубогы кезеңдері одан әрі жалғасуда.
Айта кетейік, қазақстандық Елена Хрусталева 2010 жылғы Ванкувер олимпиадасында дәл осы қашықтықта күміс жүлдегер атанған еді. Содан бері қазақстандықтар дүниежүзілік додаларда жүлде түгілі, алғашқы ондыққа жақындай алмай келеді.