Биатлон: қазақстандық Г.Вишневская әлем кубогы кезеңінде 15-орында
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Рупольдинг қаласында биатлоннан әлем кубогы кезеңінде 15 км қашықтықта қазақстандық Галина Вишневская 15-інші орынды иеленді.
«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бұл жарыста нысана көздеуде бірде-бір мәрте мүлт кетпеген итальяндық Доротея Вирер жеңімпаз атанды. Нысана көздеуде бір реттен қапы кеткен финляндиялық Кайса Мякяряйнен мен чехиялық Габриэла Соукалова сәйкесінше екінші-үшінші орындарды бөлісті.
Галина Вишневская жарыс қорытындысында нысана көздеуде бірде-бір рет мүлт жібермей, мергендік танытқан аздаған биатлоншының бірі болды. Бұл оған шаңғымен жүгіруде ұшқырлық танытпағанмен, өз спорттық ғұмырында ересектер арасында тұңғыш рет үздік 15 биатлоншының қатарына еніп, жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп көптеген атақты спортшылардың өзін артта қалдырды.
Басқа қазақстандықтар Анна Кистанова 42-інші, Алина Райкова 61-інші орыннан көрінді.
Айта кетейік, Г.Вишневская - мамандардың назарын аударып үлгерген, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас биатлоншының бірі. Алдағы ақпан айында небәрі 22 жасқа толатын Галина бұдан бұрын 2012 жылы қысқы жастар олимпиадалық ойындарының күміс және қола жүлдегері атанумен бірге сол жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында екінші орынды иеленген болатын. Енді, міне, ересектер арасындағы бәсекеде де көзге түсе бастады.