Биатлон: Вишневская спринттен 13-орынға ілікті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Швецияның Эстерсунд қаласында әйелдер арасындағы әлем кубогы кезеңінде биатлоннан 7,5 шақырымдық спринт жарысы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Биатлон: Вишневская спринттен 13-орынға ілікті

«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бұл қашықтықта нысана көздеуден бір-ақ рет мүлт кеткенімен, керемет ұшқырлық танытқан неміс қызы Денизе Херрман күтпеген жерден чемпион атанды. Нысана көздеуде бірде-бір оғын далаға жібермеген франциялық Жюстин Бреза мен украиналық Юлия Джима екінші-үшінші орынды бөлісті. Бұл - маусымды тамаша бастаған Ю.Джиманың екінші медалі. Осыдан бұрын 20 км қашықтықта ол қола медальға ие болған еді.

Қазақстандықтардан Галина Вишневская нысанадан мүлт кетпей, 13-інші орынға ілікті. Ол жеңімпаздан 47,3 секундқа қалып қойды. Осының алдындағы 20 км қашықтықта жиырмасыншы орынға ие болған Г.Вишневская әлем кубогының жекелей есебінде 12-інші орында келеді. Енді ол 3 желтоқсан күні 10 км қашықтықта ізге түсіп жарысуда осы қарқынынан таймаса, жақсы нәтиже көрсетіп, ұпай қорын толтыра берері анық.

Еске сала кетейік,  Г.Вишневская Максим Браунмен бірге биылғы беташар сында аралас эстафетадан айды аспанға шығарып, Қазақстан биатлоны тарихында тұңғыш рет әлем кубогы кезеңінде қола жүлдеге қол жеткізген болатын.