Биатлон: Жекелей сайыстың чемпиондары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Щучинсктегі Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының базасында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы биатлоннан Қазақстан чемпионатының төртінші кезеңі өтіп жатыр.

Қазақстан Биатлоншылар одағының баспасөз қызметі мәлім еткендей, бәсекенің екінші күні республикалық турнир аясында жас биатлоншылар жеке жарыста бақ сынады.
2009-2010 жылдары дүниеге келген жасөспірім ұлдар арасында 6 км қашықтықта Шығыс Қазақстан облысының тумасы Полторанин Евгений көш бастады. Ол барлық межеге дәл тигізіп, 0:16:53 уақытта мәреге жетті. Ату кезеңінде Дудченко Никитаның бір оғы қиыс кетіп, 17 минут 15 секунд ішінде екінші болып жетсе, оның ізінен Немцев Егор 17 минут 27 секундта жарысты аяқтады.

Батыс Қазақстан облысынан келген Арын Тажибаев 4,5 км қашықтықта 2011-2013 жылдары туған жасөспірім ұлдар арасында ең үздік атанды. Ол ату аймағында еш мүдірместен 13 минут 39 секундта чемпион атанды. Денис Чирвин ату кезінде бір рет қателесіп, 14 минут 18 секунд ішінде екінші болып жетті. Ал 14 секундтан кейін Илья Кондауров 14 минут 32 секундта үздік үштікке ілінді.
2009-2010 жылдары туған жасөспірім қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысынан Варвара Небогатова ату аймағында бір рет қателескеніне қарамастан, жарыс көшбасшысы атанды. Ол мәреге 19 минут 05 секундта жетті. Оның ізінен 30 секунд айырмашылықпен, жерлесі Ангелина Афанасьева 19 минут 40 секундта күміс жүлдені иеленді. Үшінші болып жеңіс тұғырына ақмолалық Альбина Хафизова көтерілді. Ол мәре сызығын 20 минут 10 секундта кесіп өтті.

2011-2013 жылдары туған жасөспірім қыздар арасында Ақмола облысынан София Жигулина 14 минут 19 секундта жеңімпаз атанды. Эвелина Тимофеева 20 секундқа есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал 14 минут 57 секундта Лейла Мукатова жарыстың қола жүлдегері атанды. Үш биатлоншы қыз ату аймағында барлық нысананы дәл көздеп, асқан мергендік танытты.
Ертең спортшыларымыз үшін демалыс күні. 7 наурыз, жарыстың соңғы күнін олар эстафетамен аяқтайды. Естеріңізге сала кетейік, кеше жарыстың алғашқы күні жас биатлоншылар спринт сайысында бақ сынап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталған болатын.
Жарысқа Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстары мен Алматы қаласынан 160-қа жуық бала қатысып жатыр.