Бибігүл Аққұжина Қостанай облысынан Сенатқа депутат болды

Бибігүл Аққұжина
Фото: instagram/ amanat_kostanay_oblysy

Бүгін Қостанай облысында ҚР Парламенті Сенатына сайлау өтті. Енді облыс атынан палатада Amanat партиясы филиалының төрағасы Бибігүл Аққұжина өкіл болады, деп хабарлайды Кazinform.

ҚР Орталық Сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, Сенат депутаттығына кандидаттарды таңдауға 253 адам қатысты. Б.Аққұжина барлығы 193 дауысқа ие болды.

Оның қарсыластары: Рудный мәслихатының депутаты Азамат Ысқақовқа – 27, Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігері Әлімжан Мірмановқа 21 дауыс берілді.

Аққұжина Бибігүл Беркүтқызы 1971 жылғы 20 қаңтарда Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Қостанай мемлекеттік университетінде психология оқытушысы ретінде бастады, жоғары білімін де осы жерден алды.

2000-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің маманы болып жұмыс істеді. 2002-2009 жылдары – Қостанай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы.

2009-2016 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары лауазымында болды. 2017 – 2021 жылдары – Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

2021 жылы Nur Otan партиясы (қазіргі Amanat партиясы) Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2022 жылдың желтоқсан айынан осы уақытқа дейін Amanat партиясы Қостанай облыстық филиалының төрайымы қызметінде болды.

Соңғы жаңалықтар