Бибігүл Төлегенова Құрылтай сайлауында өз үйінде дауыс берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова Құрылтай сайлауында дауыс берді.
№ 559 сайлау учаскесінің өкілдері Бибігүл Төлегенованың үйіне келіп, тұрғылықты жері бойынша өз таңдауын жасауға мүмкіндік берді. Халық әртісі дауыс берген соң ақ батасын беріп, Құрылтай сайлауының өтуін қолдайтынын білдірді.
— Бұл — Құрылтайға өтіп жатқан алғашқы сайлау. Мұны өте дұрыс қадам деп ойлаймын. Әр мемлекеттің өз ұлттық мүддесі бар, сондықтан біздің де өз Құрылтайымыз болуы тиіс. Сол себепті бұл сайлауды қолдаймын. Өз таңдауымды жасадым. Әрине, Президентімізді, оның бастамалары мен ел үшін жасап жатқан барлық игі істерін қолдаймын. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын, — деді Бибігүл Төлегенова.
Сонымен қатар ол өсіп келе жатқан ұрпақты қолдауға бағытталған шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Бибігүл Төлегенова аға буынға да көбірек көңіл бөлуге шақырып, қарттардың да ел дамуы мен келешек ұрпақтың болашағына өз үлесін қосқанын айтты. Сөзінің соңында Қазақстанға бейбітшілік пен амандық тіледі.
— Ең бастысы — төбемізде әрдайым ашық аспан болып, тату-тәтті әрі көпұлтты мемлекетімізде бейбіт өмір сүріп, еңбек етуімізге ештеңе кедергі болмаса екен деймін, — деді ол.
Еске салайық, еліміз бойынша 10 363 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Сайлаушылар тізіміне 12 605 788 адам енгізілген.
Құрылтай сайлауының хроникасын осы сілтемеден оқи аласыздар.