Бибігүл Жексенбай: Құмар ойындар — қоғамның дерті

Бибигуль Жексенбай Бибігүл Жексенбай
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны белгілі. Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай әлеуметтік желіге заң туралы пікірін жазды. 

«Құмар ойындары қазақстандық қоғамның дертіне айналды. Медицинада лудомания патологиялық өзгеріс ретінде анықталып, ем тағайындалатын болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны мәжбүрлі емдеуді қажет ететін дерт санатына қосқан», — деп жазады депутат. 

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда бұл дерттің құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті. Сондай-ақ, әрбір бесінші қазақстандықтың құмар ойынына қатысты бары анықталып отыр. Ал, құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық жасөспірім басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, ойнайды екен.

«Сарапшыларға сенсек, соңғы екі-үш жылда елімізде букмекерлік кеңселер мен казинолар саны сегіз есе өсіпті. Ал олардан түсетін қаржы айналымы — жарты триллион теңгеге жақындаған.Ұлттық Құрылтай алаңында бұл мәселе қаралып, Мемлекет басшысы заңнамалық тұрғыдан Парламентке сессия соңына дейін шешу қажеттігін тапсырған болатын. Президент құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өткен», — дейді Бибігүл Жексенбай. 

Сенат депутатының айтуынша, Парламент депутаттары мен сарапшылардың белсене қатысуымен құмар ойындарын шектеуге қатысты заң сессия соңына қарай қабылданған.

«Ал, бүгін Ақорда сайты хабарлағандай, Қазақстан Президенті құжатқа қол қойылды. „Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың/бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді», — делінген жазбасында. 

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. 

«Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино -, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға; спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде; спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады», — дейді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай. 

Соңғы жаңалықтар