Бибігүл Төлегеновамен бір дуэтте ән салсам деймін - Димаш Құдайберген
Журналистердің «шетелдік және қазақстандық әншілерден кіммен ән шырқауды қалайсыз?» деген сауалына Димаш: Шетелдік әншілерден Дмитрий Маликовпен ән шырқағым келеді», - деп жауап берді.
«Байқауда онымен кездестім, ол өте қарапайым кісі болып шықты. Ол әлемдік деңгейдегі әнші мен пианиношы. «Славян базары-2015» байқауында Қазақстан көш бастап келе жатқандығына ол қатты қуанды. Менің жеңісімнен кейін, марапатталғанымнан кейін ол маған келіп, «осында дәл сенің жеңіске жеткеніңе қатты ризамын» деген болатын. Мен үшін ол үлкен абырой. Себебі мен Дмитрий Маликов сынды керемет өнер иесін бала кезден сыйлаймын».
«Қазақ әншілерінен ең мықты әншілердің бірі менің педагогым Майра Тұрлыбекқызы Дәулетбақ. Сосын мен Бибігүл Төлегенова апамызбен бір дуэтте ән салсам деп армандаймын. Өйткені мен байқауға аттанарда ол кісі маған бата берген еді және оның батасы көмектесті», - деді Д.Құдайберген.
Айта кеткен жөн, жақында ғана Димаш Құдайберген «Витебск-2015» XXIV эстрада әндерін орындаудың халықаралық байқауының Гран-приін жеңіп алған болатын.
Болашақта әнші бұдан да биік жарыстардан жүлделі оралуға уәде етті.
«Байқаудан кейінгі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, әлі толғаныс үстіндемін. Және де осы сәтті пайдалана отырып, әлем сыйлайтын біздің қазақ елінің ұлы тұлғасы - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа біз сияқты жастарды қолдап, әлемдік сахналарға шығып, өнер көрсету мүмкіндігіне жол ашқаны үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Болашақта қазақ елінің тұғыры одан да биік деңгейден көрінеді деп сенемін. Алдағы уақытта бұдан да жоғары жарыстарға қатысып, елімнің Туын желбірете беремін деген үміттенемін»,- деп атап өтті ол.