Бибісара Асаубаева алдағы жарыстар туралы: Үздік ойын мәнерін көрсетемін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Блиц-шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында алдағы турнирлер туралы айтып, шахматшыларға кеңесін де берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Photo: facebook.com/kazchesskz

«Биыл классикалық шахматтан әйелдер арасында бірнеше турнир өтеді. Осы орайда ең үздік ойын мәнерін көрсетуді мақсат етіп отырмын», – деді Бибісара Асаубаева эфир кезінде.

Сондай-ақ жас чемпион шахматтан Қазақстан құрамасын әлемдегі ең мықты командалар қатарынан көргісі келетінін айтты.

«Меніңше, балалар жетістікті көргенде, мотивация ала түседі. Кішкентай кезімде ең мықты шахматшылардың ойынына қарап, солардай болуды, әсіресе ол сіздің отандасыңыз болса, солардай биікке жетуді армандайтынмын. Меніңше, бұл серпін береді. Бізде жеткіншектер арасында мықты шахматшы қыздар көп. Ұлдар жағы да тартылып, әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі боламыз деген үміттемін», - дейді ол.

Одан бөлек, Бибісара Асаубаева жас шахматшыларға өз кеңесін берді.

«Көп жұмыс істеп, өзіне сене білу керек. Саған сенетін және қолдайтын жандар жаныңнан табылса, тіпті жақсы. Бұл орайда мен бақыттымын. Менің жақындарым үнемі қасымда. Әсіресе жақын адамдардың қолдауы жеңілістің дәмін татқанда өте маңызды. Олар қасыңда болады. Ең бастысы, бастаған істі жолда қалдырмай, жұмыс істеуді жалғастыру керек», - деген ойымен бөлісті әлем чемпионы.

Бұған дейін Б.Асаубаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінен кейінгі әсерімен бөліскен еді.

Фото: facebook.com/kazchesskz

Соңғы жаңалықтар