Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 халықаралық шахмат турнирінің жеңімпазы ​атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Отандасымыз Бибісара Асаубаева шахматтан өткен Norway Chess Women 2026 халықаралық турнирінде мерзімінен бұрын 1-орын алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бибісара Асаубаева
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

25 мамырда басталған бәсеке (5 маусымға дейін) Осло қаласында (Норвегия), Deichman Bjørvika мәдени орталығында өтті.

Жарысқа 4 елден (Қытай, Үндістан, Украина және Қазақстан) жиналған әлемнің ең мықты 6 шахматшысы қатысты. ​

Бибісараның қарсыластары: Цзюй Вэньцзюнь (Қытай) - қазіргі әлем чемпионы; Чжу Цзиньэр (Қытай) - әлем рейтингінде 2-орындағы шахматшы; Хампи Конеру (Үндістан) - әлем шахматының белді өкілі; Анна Музычук (Украина) - «Norway Chess Women» турнирінің былтырғы жеңімпазы; Дивья Дешмукх (Үндістан) - әлем кубогының иегері. ​

Бұл турнир Бибісара үшін дебют (алғашқы) болды. Соған қарамастан, ол турнир тарихындағы ең жас қатысушы болып отыр.

Турнир форматы: жарыс екі айналымды жүйеде өтті, яғни әр ойыншы бір-бірімен екі реттен ойнады. Классикалық партияда тең түскен жағдайда, жеңімпаз «Армагеддон» (міндетті түрде жеңімпазды анықтайтын ерекше ереже бойынша өтетін шешуші партия) арқылы анықталды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 турнирінде әлем чемпионын жеңген болатын.

Айта кетейік, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын.