Бибісара Асаубаева жүлде қоры 750 мың доллар болатын супертурнирге қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Венгрия астанасы Будапештте өтетін Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 халықаралық супертурниріне қатысады, деп хабарлайды Sports.kz.

Бибисара Асаубаева вошла в топ-5 мирового рейтинга ФИДЕ
Фото: instagram.com/bibisarachess/

Шахматшы алдағы жоспары туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

– Арғы күні жолға шығамын. Алдымен Алматыға барып, онда небәрі 10-15 сағат аялдаймын. Содан кейін Будапештке ұшамын, өйткені жақында Total Chess турнирі басталады. Бұл жолы жаңа ортаға бейімделуім қиын болып жатыр. Өте көп ұйықтасам да, ұйқым қанбайды, – деді Бибісара Асаубаева.

Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 – шахматтың үш түрін біріктіретін жаңа коммерциялық супертурнир. Жарыс әлемдегі ең әмбебап гроссмейстерді анықтауға бағытталған.

Қатысушылар жылдамдатылған классикалық шахмат (45+30), рапид және блиц бойынша сынға түседі.

Турнир 10-21 қараша аралығында Будапешт қаласында өтеді. Оған ерлер мен әйелдер санатына бөлінбейтін жалпы есепте 24 гроссмейстер қатысады.

Олардың қатарында әлемдік рейтинг көшбасшысы Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Ян Непомнящий, Нодирбек Абдусатторов, Алиреза Фирузджа, Рамешбабу Прагнанандха және Бибісара Асаубаева бар.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 750 мың долларды құрайды. Ал турнир жеңімпазы 80 мың доллар сыйақы алады.

Айта кетейік, бұған дейін Бибісара Асаубаева Үндістанда өткен, жүлде қоры 1 млн доллар болатын Tech Mahindra Global Chess League халықаралық турниріне қатысқан еді.