Бидай тасымалдау шығындарының құнын арзандатуға берілетін субсидия көлемі жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Азық-түлік астығын тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу қағидалары» қаулысының жобасын әзірледі. Құжат ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.

Қағидаға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі бюджеттік субсидиялар төлеуді жүзеге асыратын бюджеттік бағдарламаның әкімшісі саналады. Ал оператор - ұлттық теміржол компаниясы айқындаған астық тасымалдауды ұйымдастыру бойынша жеткізушілерге көліктік-экспедиторлық тасымалдау қызметтерін көрсететін заңды тұлға. Өнім беруші - астықты Қазақстан Республикасының аумағынан өткізуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
Бюджеттік субсидиялар бірыңғай операторға азық-түлік астығын тасымалдауға байланысты нақты көрсетілген қызметтер үшін төленеді. Бюджеттік субсидияларды төлеуді бидайды тасымалдау кезінде жеткізушілердің шығындарды жүзеге асырғанын растайтын құжаттар негізінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жүзеге асырады:
Ресей Федерациясының аумағы арқылы қара және Балтық теңіздерінің Ресей порттарының бағытына бір тонна үшін 20 000 теңге мөлшерінде транзитпен;
Ресей Федерациясының, Латвия Республикасының, Литва Республикасының, Эстония Республикасының аумағы арқылы Балтық теңізі порттарының бағытына бір тонна үшін 20 000 теңге мөлшерінде транзитпен;
Қытай Халық Республикасы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бағытына бір тонна үшін 20 000 теңге мөлшерінде транзитпен;
Түрікменстан арқылы Ауғанстан Ислам Әмірлігінің бағытына бір тонна үшін 20000 теңге мөлшерінде транзитпен;
Әзірбайжан Республикасының, Грузияның, Армения Республикасының бағытына бір тонна үшін 20 000 теңге мөлшерінде;
Иран Ислам Республикасының бағытына бір тонна үшін 20 000 теңге мөлшерінде бекітіледі.
Қаулы жобасы 7 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады және 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін қолданыста болады.