Бидзина Иванишвили Грузия үкіметінің жаңа құрамын ұсынды

Иванишвилидің өзі премьер-министр лауазымынан үміткерлер қатарында бар, деп хабарлайды Азаттық.
Тізімде қорғаныс министрі, вице-премьер қызметіне - "Біздің Грузия - еркін демократтар" партиясының жетекшісі Ираклий Аласания; әділет министрі - "Грузин арманы" коалициясының атынан сайлауға түскен Тея Цулукиани; ішкі істер министрі - "Грузин арманы" коалициясы лидерлерінің бірі Ираклий Гарибашвили; жаза орындау бойынша министр - Грузияның бұрынғы халық қорғаушысы Созар Субари; сыртқы істер министрі - коалицияның баспасөз-спикері Майя Панджикидзе; евроинтеграция бойынша мемлекеттік министр - коалиция белсендісі, "Біздің Грузия - еркін демократтар" партиясының өкілі Алекси Петриашвили; ауыл шаруашылығы министрі - бұрынғы (Эдуард Шеварднадзе тұсында) ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Давид Кирвалидзе; денсаулық сақтау министрі - бұрынғы еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі (Шеварднадзе тұсында) Амиран Гамкрелидзе; ұлттық банк басшысы қызметіне - Cartu Bank директоры Нодар Джавахишвили ұсынылған.
Мәдениет және жәдігерлерді қорғау министрі лауазымына - жазушы Гурам Одишария, спорт және жастар ісі министрі орнына - Леван Кипиани, диаспора мәселелері жөніндегі мемлекеттік министр қызметіне Котэ Сургуладзе ұсынылған.
Вице-премьер, аймақтық даму және инфрақұрылым министрі лауазымына футболист Кахи Каладзе кандидатурасы ұсынылды. Бас прокурорлыққа адвокат Арчил Кбилашвилидің есімі аталып отыр.
Грузия парламенті төрағасы қызметіне - республикалық партия өкілі Давид Усупашвили, оның орынбасарлығына - "Демократиялық Грузия" партиясының өкілі Майя Кобахидзенің кандидатурасы аталған.
Қалған министрліктердің басшылығына ұсынатын адамдарының тізімін Иванишвили жақын арада жарияламақ.
Грузияда парламент сайлауы қазанның 1-і күні өтті. Жеңіске миллиардер Иванишвили жетекшілік ететін оппозициялық "Грузин арманы" коалициясы жеткен еді. Ендігі жерде Грузия парламентінде оппозициядан - 83, Саакашвили партиясынан 67 депутат бар.