Биыл 13 шақырым жол жөнделіп, 2 мың шақырым жол салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында биыл жүзеге асатын жол салу және жөндеу жобаларын атады.

Биыл 13 шақырым жол жөнделіп, 2 мың шақырым жол салынады
Фото: Алматы әкімдігі

- Биыл 13 мың шақырымды жол жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған. Оның ішінде 9 мың 500 шақырымы қаржы көздерімен қамтамасыз етілген, 3 мың 600 шақырымына қажетті құжаттар дайын, қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Құрылыс маусымы басталғанға дейін жаңа жобалардың мердігерлерін анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес республикалық жолдардың 94, жергілікті жолдардың 91 пайызы нормативтік жағдайға жеткізіледі, - деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ, биыл Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Құрты – Қонаев (67 км), Қызылорда – Жезқазған (398 км) және Ұзынағаш – Отар (42 км) жолдарында құрылыс жұмыстары жалғаспақ. Ал «Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 км), «Қарағанды – Жезқазған» (572 км), «Атырау – Доссор» (86 км), «Сарыағаш қаласының айналма жолы» (102 км) бірінші техникалық санатқа ауыстырылады.

Министр жол салу және жөндеу жобаларының мердігерлерін іріктеуде қазақстандық немесе Қазақстанның шетелдік компаниялармен бірлескен консорциумдарына басымдық берілетінін айтты.

- Бұл отандық компаниялардың одан әрі тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Бұл мәселеде халықаралық қаржы институттарының толық келісімі бар, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін биыл елдегі автожолдардың ақылы учаскелеріндегі тарифтер орта есеппен 30 пайызға өсуі жоспарланғаны мәлім болған еді. 

Соңғы жаңалықтар