Биыл 22 жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласы сапасын қамтамасыз ету комитеті басқармасының басшысы Ришат Рамазанов жекеменшік мектептерге жүргізіліп жатқан бақылау шаралары туралы мәлім етті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары жекеменшік мектептерге қатысты лицензиядан айыру жағдайларының саны артып келеді.
— Биылдың өзінде 22 жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылды. Негізгі себептері — білім беру стандарттарын орындамау және білім саласындағы заңнамалық талаптарға сәйкес келмеу, — деп жауап берді Ришат Рамазанов журналистер сұрағына.
Ол сондай-ақ бірқатар білім беру ұйымына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463 және 464-баптары бойынша істер қозғалып, материалдардың сотқа жолданғанын атап өтті.
Айта кетейік, жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі жаңартылып жатыр.
Сонымен қатар жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша анықталған заңбұзушылықтар 13 млрд теңгеден асты.