Жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі жаңартылып жатыр — Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарбасов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жекеменшік білім беру жүйесін дамыту мен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тетіктерін жетілдіруге қатысты мәлімдеме жасады.

218 тысяч учеников уже обучаются в школах нового формата в Казахстане
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оның айтуынша, жекеменшік білім беру ұйымдарының дамуы бірқатар өңірде оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, жаңа форматтағы заманауи мектептерді ашуға және балалардың сапалы білімге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен бірге, жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жүйесін одан әрі жетілдіру қаржыландырудың ашықтығы, тиімділігі және мақсаттылығы қағидаттарына негізделген жаңа тәсілдерді енгізуді талап етеді.

— Бұл бағыттағы маңызды жаңалықтардың бірі — 2025 жылғы 12 қарашадан бастап «OrtaBilim» сервисінің іске қосылуы болды. Аталған жүйе лицензиялық талаптардың сақталмауы, жобалық қуаттан артық оқушы қабылдау, оқушыларды қосарлы есепке алу және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін LMS жүйелерін пайдалану сияқты тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік берді, — деді спикер.

Ведомство өкілі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңадан ашылған жекеменшік мектептер бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға және ғимарат амортизациясына қатысты шығындарды қаржыландыруға (А2 және А3 компоненттері) жаңа міндеттемелер қабылдауға мораторий енгізілді. Бұл шара бюджет қаражатының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шығыстардың негізсіз өсуін тежеуге бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ мемлекет қолданыстағы жекеменшік мектептер алдындағы міндеттемелерін орындауды жалғастырып отыр. Жыл басынан бері пилоттық жоба аясында 749 жекеменшік мектепке 100 млрд теңгеден астам қаржы төленген.

Вице-министрдің айтуынша, енді мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен нысаналы бағытталуына ерекше мән берілмек. Осыған сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы тек нақты оқушы орны тапшылығы бар өңірлердегі жекеменшік мектептерге ғана орналастырылуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің жетіспеуі, апатты және үш ауысымды мектептерді жою қажеттілігі, сондай-ақ мемлекеттік білім беру стандарттарының сапалы орындалуы сияқты өлшемдер ескеріледі.

Бұған дейін білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау жекеменшік мектептерді де қамтитынын жазғанбыз.