Биыл 2,3 млн бала профилактикалық тексеруден өтті – Ақмарал Әлназарова
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 2,3 млн бала профилактикалық тексеруден өтті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
- Соңғы 3 жылда мектептердегі медициналық пункттердің жарақтандырылуы мен қызметкерлермен қамтылу деңгейі 95 пайызға дейін ұлғайды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,3 млн бала, яғни жылдық жоспардың 52 пайызы профилактикалық тексеруден өтті, қалғандары жыл соңына дейін өтеді. Патологиясы анықталған балалардың динамикалық қарауға жататын 36 пайызы толығымен бақылауға алынды, - деді ол.
Министрдің айтуынша, 2025 жылдан басталған «Болашаққа сау тіспен» жол картасы аясында стоматологиялық кабинеттер саны 145-тен 288-ге дейін ұлғайтылды. Білім беру ұйымдарындағы профилактика мен ауыз қуысының гигиенасы дағдыларын қалыптастыру жақсарды.
- Алғаш рет барлық балаға ауруларды ерте анықтау үшін мектептердің медициналық пункттерінде цифрлық диагностикалық құрылғылар қолданылады. Өткен жылы құрылған Балалардың цифрлық тізілімі профилактикалық тексеру мен қауіп факторларын ерте анықтаудан бастап медициналық маршрут, маманға жолдау және динамикалық бақылауға дейін 54 көрсеткішке күнделікті мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді, - деді ол.
Айта кетейік, Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері жаңа оқу жылына дайындық барысын талқыға салды.