Биыл 2,3 млн тонна тыңайтқыш себу жоспарланған

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір ел өңірлеріне 1,1 млн тонна тыңайтқыш жөнелтілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.

тыңайтқыш
Фото: primeminister.kz

- Агротехнологиялық іс-шаралардың маңызды элементтерінің бірі - ғылыми негізделген нормаларға сәйкес минералдық тыңайтқыштарды енгізу. Биыл 2,3 млн тонна тыңайтқыш себу жоспарланған. Бүгінде әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, 1,3 млн тоннаға жуық келісімшарт жасалып, оның 1,1 млн тоннасы жөнелтілді. Жалпы, отандық тыңайтқыштардың кепілді көлемін қамтамасыз ету мақсатында зауыттардың арнайы шоттарына бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес қаражат аударылып жатыр. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен тыңайтқыштарды жоспарланған көлемнен төмен емес деңгейде жөнелтуді қамтамасыз етуді сұраймыз, - деді А.Сұлтанов.

Оның пайымынша, әкімдіктер тұқым таңдау, егіс мерзімдерін сақтау, тыңайтқыштарды пайдалану, топырақты егіс алдындағы өңдеу және басқа да қажетті агротехникалық іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуына ерекше назар аударуы қажет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары көрші елдермен бірлесе жүзеге асатынын айтты.