Биыл 32 аудан әкімі біліктілігін арттырады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 32 аудан әкімі біліктілігін арттырады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жауабында айтылған.

тағайындау
Фото: Kazinform

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жыл сайын «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы аясында саяси қызметшілер үшін оқыту ұйымдастырады. Оқытудың негізгі мақсаты - мемлекеттің кешенді стратегиялық міндеттерін шешу үшін саяси қызметшілердің басқарушылық құзыреттерін жетілдіру. Оқыту барысында тыңдаушылар басқару қабілетін жетілдіру, оның ішінде стратегиялық ойлау, шешім қабылдау құзыреттілектерін дамыту, инновациялық тәсілдерді пайдаланудың халықаралық тәжірибесін зерттеу мүмкіндігіне ие», - деді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, тыңдаушыларға үздік бизнес-сарапшылар, тәжірибелі профессорлар мен мемлекеттік және жоғары қазақстандық және халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдері дәріс береді.

«Биыл өңірлерден 32 аудан әкімі және 11 аппарат басшысы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетінде оқудан өтеді. Үкімет ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру, білім беру, мәдениет және спорт инфрақұрылымын кеңейту және жақсарту, сондай-ақ ауылдық кәсіпкерлікті қолдау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатқанын атап өту қажет», - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар