Биыл 5,6 млн гектар алқапқа орман өрттерін ерте анықтау жүйесі орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM — «Семей орманы» резерватына кіретін 600 мың гектар алқапқа орман өрттерін ерте анықтау жүйесі орнатылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

— Орман өрттерін жоюдағы маңызды мәселе оларды дер кезінде анықтау болып табылады. Осы мақсатта орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу жалғасуда. Елімізде осындай жүйелерiмен мемлекеттiк орман қорының 1,3 млн га қамтылған, — деді ол.
Министрдің сөзінше, биыл бюджет есебінен «Семей орманы» резерватында 600 мың гектар қамтитын жүйе орнатылады.
— «Семей орманы» резерватынан басқа, 23 орман шаруашылығында жүйе утиль төлем есебінен енгізіледі. Осылайша жыл соңына дейін ерте анықтау жүйесі 5,6 млн гектар мемлекеттік орман қорын қамтиды, — деді Ерлан Нысанбаев.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өрт сөндірушілер қамыс пен шөпті шарпыған тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр.