Биыл Ақмола облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылған

Биыл Ақмола облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы өңір әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Марат Ахметжанов
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Биыл аймаққа 530 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайыз көп. Жеке инвестициялық жобаны табысты іске асыру көрсеткіштердің өсуіне әкеледі. Биыл 185 млрд теңгеге 154 жоба іске асырылды. 1,5 мың ақмолалық жаңа жұмыс орындарына ие болды», - деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, ол салынған инвестицияның жартысынан көбі жаңартылатын энергия көздеріне тартылғанын атап өтті.

«Аршалы ауданында қуаты 150 МВт болатын, облыстағы ең ірі жел электр станциясының бірінші сатысы пайдалануға берілді. Зеренді және Ерейментау аудандарында жалпы қуаты 30 МВт-тан асатын 3 жел электр станциясы іске қосылды. Қосшы қаласында 7,5 млрд теңгеге мектеп-гимназия салынды.
Желтоқсан айында Қосшыда «IL Tov» ЖШС құс етін өңдеу зауытын ашады. Ақкөл ауданында «Sirius Plus» емдеу-сауықтыру қонақ үй кешені қолданысқа беріледі. Жалпы, 2023 жылы инвестиция көлемі 240 млрд теңгеден асатын 223 жобаны іске қосылды», - деді аймақ басшысы.

Оның пайымынша, Ақмол облысының инвесторлар үшін тартымды болуына Астанаға жақын жатқаны әсер етіп отыр.

«Әрине, адами ресурс та оған оң әсерін тигізеді. Себебі ресми мәлімет бойынша, облыста халық саны 7,5% өскен. Біз, халықтың игілігі үшін, жаңа инвесторлармен атсалысып жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Марат Ахметжанов.