Биыл Ақмола облысында 15 мыңнан астам мерекелік іс-шара өтеді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - 2024 жылы Ақмола облысында түрлі атаулы күндерге орайластырылған 15 мыңнан астам іс-шара өтеді.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алиннің мәліметінше, бүгінде өңірде іс-шаралар жоспары әзірленген. Сондай-ақ, тарихи тұлғалардың есімдері жаңа нысандарға, көшелерге және мектептерге берілетін болады.
«Биыл 15 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Биылғы мерейтойлық күндердің толықтығын ескере отырып, ішкі саясат басқармасы Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция, Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған «Әскерге шақырылушылар күні» жастар арасында әскери қызметті дәріптеу жөніндегі іс-шара, сондай-ақ, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция сияқты көптеген ірі іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыру жоспарланған», - дейді Алмас Алин.
Наурыз айында ғалым, академик Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына арналған «Ғылым және бизнес: өндірістік инновациялар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарда бар. Сонымен бірге, қазақ және кеңестік қоғам қайраткері, көп жанрлы жазушы, қазақ тіліндегі драма мен романдардың негізін қалаушы, ғалым, ағартушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы аясындағы бірқатар іс-шара, ақын, әнші, композитор Иран Тасқараұлының 85 жылдығына арналған әдеби кеш және ақын, республикалық ақындар одағының тұңғыш президенті, жыршы Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өткізіледі.
Осындай шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Ал сәуір айында Көкшетау қаласының 200 жылдығы аясында биыл атап өтілетін іс-шаралар басталады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Асқар Забикулинге Көкшетауда ескерткіш орнатылғанын жазған едік.