Биыл Ақмолада жасымық өңдеу зауыты іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында жасымықты өңдеуге арналған заманауи цех салу жөніндегі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Жоба агроөнеркәсіптік кешеннің өңдеу саласын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіру көлемін арттыруға және өңірдің экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Бұл туралы АШМ мәлім етті. 

жасымық
Фото: Atameken-Agro

— Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,3 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру кәсіпорынның меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ, — деп хабарлады ведомстводан.

Жаңа өндірістік нысанның қуаттылығы сағатына 5 тонна өнім өңдеуге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, өндірілген өнімді тиімді пайдалануға жол ашады және өңірдегі агробизнестің дамуына қосымша серпін береді.

Өндірістік желіні іске қосу 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

Кәсіпорынды одан әрі дамыту аясында сыйымдылығы 14 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасын салу да көзделген. Нысанды пайдалануға беру алдағы жылға жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Түркияға шамамен 227 мың тонна қазақстандық жасымық экспортталды.