Биыл Ақтау портынан 6,8 млн тонна жүк тасымалданды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда ТМД-да теңдесі жоқ әуе хабын құру жоспарланып отыр.

Жобаның инвестициялық құны 1 млрд доллар. Толығырақ өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтып берді.
— Өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 96%-ы жақсы жағдайда. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш. Биыл аймақта 215 шақырымды қамтитын 12 автомобиль жолын салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау облысының транзиттік әлеуеті зор. Жыл басынан бері Ақтау, Құрық порттары және Солтүстік терминал арқылы 6,8 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 3,5 пайызды көрсетті, — деді Нұрдәулет Қилыбай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Әкімнің мәліметінше, бүгінде жеке инвестор қаржысына Құрық портында «Саржа» көп функционалды теңіз терминалының құрылысы жүріп жатыр және терминал ішінара іске қосылды.
— Ақтауда ірі әуе хабын құру бастамасы да Үкіметтен қолдау тапты. ТМД елдерінде теңдесі жоқ жобаның инвестициялық құны 1 млрд доллар. Әуе хабы іске асқан жағдайда Ақтау — Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады деп күтілуде. Сонымен қатар, өңірде қоғамдық көліктерді жаңғырту мәселесі ерекше назарда. Ақтау қаласына 91 дана жолаушы автобус сатып алынып, нәтижесінде қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды, — дейді ол.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде кадр тұрақтамау мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.