Биыл Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығына 43 060 әйел жүгінген
АЛМАТЫ.KAZINFORM - Алматы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғап, психологиялық және құқықтық көмекті арттыруға көңіл бөледі.
Алматыда шамамен 1,2 миллион әйел тұрады. Бұл қала халқының 52%-на тең. Олардың 613 мыңнан астамы еңбек қызметімен айналысса, 60 мыңнан астамы басшылық лауазымдарда жұмыс істейді. Қалада 38 136 көпбалалы отбасы бар.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі кеңесшісі, қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Айгүл Шалбаева әйелдерді қолдайтын қандай шара жасалғанын айтты.
25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы өтеді. Оның мақсаты – әйелдер мен қыздарға жасайтын қиянаттың алдын алуға қоғамның назарын аудару, азаматтарға қорғану тетігі туралы ақпарат беру.
Спикердің айтуынша, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру үшін полиция, денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдары, әлеуметтік қызмет пен үкіметтік емес сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет.
2026 жылы Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығына 43 060 әйел жүгінген. Оның 17 228-і жұмыспен қамту шараларымен және әлеуметтік қорғау бағдарламаларымен қамтылған. 9 617 әйел тұрақты жұмысқа орналастырылып, тағы 597-сі кәсіби оқытуға жіберілген.
122 әйел бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алған. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 094 адам оқудан өтсе, Skills Enbek.kz платформасында 2 152 әйел білім алған.
Айгүл Шалбаеваның айтуынша, комиссия жұмысының нәтижелілігі, ең алдымен, қала тұрғындарының өміріндегі өзгеріс арқылы бағалануы тиіс.
- Біздің ортақ міндетіміз – әр әйел өз әлеуетін жүзеге асыра алатын, әрбір отбасы мемлекеттің қолдауын сезінетін, ал әр бала қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсіп-жетілетін жағдай қалыптастыру, – деді Шалбаева.
Еске салсақ, еліміздегі ғылыми қызметкерлердің 56%-ы әйелдер екені айтылған еді.