Биыл Алматы тауларында жаңа 3 кемпинг-аймақ ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда биыл туризм саласын дамыту бойынша бірқатар жобалар орындалады.

Алматы қаласының Туризм басқармасы агенттік сауалына жауап бере отырып, 2025 жылы қолжетімсіз жерлерде күн панельдерімен жабдықталған үш кемпинг-аймағын құру жоспарланғанын хабарлады.
- Кемпинг-аймақтарының орналасу орындары қазіргі уақытта келісу кезеңінде, - делінген басқарма жауабында.
Айта кетейік, былтыр қыркүйек айында Алматы тауларының Альпинград алаңда кезекті кемпинг-аймақ ашылған болатын.
Сонымен қатар Туризм басқармасының мәліметінше, Алматыда алдағы үш жылда 5 615 нөмірге арналған 37 қонақ үй салу жоспарланған. Оның ішінде 1 477 нөмір болатын 12 нысанның құрылысы қазіргі уақытта жүріп жатыр. Ал қалған 25 нысан жобалау кезеңінде.
Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары үш жылда аяқталады:
* 2025 жылы – 10 қонақ үй (1 097 нөмір);
* 2026 жылы – 15 қонақ үй (2 604 нөмір);
* 2027 жылы – 12 қонақ үй (1 914 нөмір).
Бұған дейін Алматыда 365 қонақ үй, 11443 нөмер және 22019 төсек-орын бар екенін жазған едік.