Биыл Алматыда 500-ге жуық «ақылды» бағдаршам іске қосылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда биыл жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі (ЖҚБЖ) жобасын іске асыру жалғасады. Көшелердің өткізу қабілетін арттыру мақсатында жүйеге қаланың барлық бағдаршамы қосылады. 

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қалалық мобилділік басқармасының мәліметінше, жобаның бірінші кезеңі 2021 жылы басталды. Соның аясында 93 бағдаршам іске қосылған болатын. Биыл 498 бағдаршам нысандарын жаңғырту жоспарда. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

«Соның нәтижесінде бағыттар бойынша нақты қозғалыс қарқынын ескере отырып, нақты уақыт режимінде қиылыстардағы жол қозғалысын реттеу қамтамасыз етіледі. Яғни, сенсорлар мен камералар келесі қиылысқа көліктің нақты санын жібереді. Тиісінше, кері санақ тақтасы адаптивті режимде жұмыс істейді», - деп хабарлады басқармадан.