Биыл Алматыда метроның жаңа станциялары ашыла ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл жаңа метро станцияларын пайдалануға беру жоспарда жоқ. Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Асан Бостанов айтты.

Алматы
Фото: newauto.kz

Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген басқарма өкілінің айтуынша, бас жоспарды жүзеге асыру аясында биыл көлік желісінің негізгі учаскелерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарланған.

– Осы жылы жаңа метро станцияларын пайдалануға беру жоспарда жоқ. Биыл Райымбек даңғылы бойынша BRT-ның бірінші учаскесін салуды бастаймыз. Құрылыс Желтоқсан көшесі бойынша Тимирязев көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі аралықты қамтитын болады. Желтоқсан көшесінің бойындағы қолданыстағы тармақтан Райымбек даңғылына дейін 4,6 шақырым, сондай-ақ Райымбек даңғылы бойындағы Алтын Орда көшесінен Пушкин көшесіне дейін ұзындығы 17 шақырым жол салынады, - деді ол.

Бұған дейін Алматыда метрополитеннің үшінші кезегінің құрылысы аясында 2025 жылы «Қалқаман» метро станциясы салынатыны және оның жолаушылар санын тәулігіне 20 мың адамға арттыруға мүмкіндік беретіні айтылған еді. 

Кейін Наурызбай ауданындағы «Қалқаман» метро стансасы 2026 жылы пайдалануға берілетіні белгілі болды. Нысан Абай даңғылы бойында Әшімов пен Айбергенов көшелерінің арасында салынып жатыр. 

Мегаполисте жаңа метро бекетін салу үшін жер учаскелері сатып алынады. 

Осыған дейін Алматыда «Барлық» базарына дейін және әуежайға қарай жаңа метро желілері салынатыны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар