Алматыға биыл 400 мыңнан астам шетелдік турист келді
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Алматыға келген туристер саны 17,5%-ға өсіп, 1,5 млн адамнан асты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Спикердің сөзінше, мегаполиске келген шетелдік туристердің саны 51,5% - ға өсіп, шамамен 410 мың адамды құрады.
«Алматы - Қазақстанға келетін әрбір екінші шетелдік турист үшін тартымды қала. Бұл ретте номиналды мәндегі инвестициялар көлемі 25,2% - ға немесе 66,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Сондай-ақ, ішкі туристердің саны 8,4% - ға немесе 1 млн 104 мың 600 адамға дейін ұлғаюы байқалады», - деді Әлішер Әбдіқадыров.
Ол туристердің көптеп келуі туристік аймақтардың ашылуына ықпал ететінін жеткізді.
«Жыл басынан бері 16 глэмпингке арналған эко-қонақ үй және 112 бөлмелі қонақ үй ашылды. 847 нөмірге есептелген 5 нысанның құрылысы жүріп жатыр, сондай-ақ, 1420 нөмірден тұратын 10 нысанның жобасы жасалып жатыр», - деді спикер.
Айта кетейік, биыл Алматыға келетін туристер саны 2 млн адамға дейін, оның ішінде шетелдік туристер санының 500 мың адамға дейін өседі деп күтіледі.