Биыл астық шығымы аз: ҚР АШМ экспортқа тыйым сала ма

астық
Фото: gov.kz

Биыл жиналған астық көлемі біршама аз болса да, Қазақстан өнімі дәстүрлі түрде экспортталып жатқан мемлекеттермен өзара байланысты сақтап қаламыз. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Сенатта аграрлық ғылымды дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрге астық экспорты бойынша дәстүрлі нарықтарды сақтап қалу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.

«Биыл астық шығымына қатысты қиындау болды. Былтыр қамбаға 22 млн тонна түссе, биыл 16,5 млн тонна шамасында бастырылды. Бұл ретте, 6 млн тонна кем жиналды. Жалпы, астық өнімі Қазақстанды нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірақ экспортқа шығарылатын астық көлемі азаяды, яғни 5 млн тоннадан артық болмайды деп ойлаймыз», – деді А. Сапаров.

Оның айтуынша, Қазақстан астығы дәстүрлі түрде экспортталып жатқан мемлекеттермен өзара байланысты сақтап қалу қадамдары жасалып жатыр.

«Биыл олардың арасында кейбір елдер астықты Ресейден алуы мүмкін. Келер жылы біздің тұрақты экспорт нарығымызды толықтай қамтимыз деп санаймын», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қазан айының соңындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 16 млн тоннаға жуық астық бастырылды.

Соңғы жаңалықтар