Биыл Атырау облысында 35,7 мың адам жұмыспен қамтылады
Биыл Атырау облысында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту мжөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларына 35,7 мыңнан астам адамды тарту жоспарланған, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, 9 348 адам тұрақты, 5 799 адам бюджет есебінен қаржыландырылатын уақытша жұмыс орнына жіберіледі.
«Атап айтсақ, биыл әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға, жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны» мен «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына орналастырылып, былтыр мүгедектігі бар адамдар үшін құрылған арнайы жұмыс орындарын қоса есептегенде 16 мың адамның жалақысын ішінара субсидиялау көзделіп отыр. Бұған қоса қысқа мерзімді оқу курстарына 585 адам жіберіліп, онлайн skills арқылы 1 880 адам қамтылады. Ал, 72 адам ваучерден өткізіледі. «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 2 615 адам оқуға жіберіліп, өз ісін ашу бағытында халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы 291 адамға қайтарымсыз гранттар мен 2,5 пайыздық жеңілдік, 142 жасқа микрокредит берілетін болады», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.
Сондай-ақ 15 041 адамды кәсіптік бағдарлаудан өткізу көзделген. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен пробация есебінде тұрған, жазасын өтеу орындарынан босап шыққан адамдар үшін жұмысқа орналастыру квотасы белгіленіп, мекемелер тізбесі бекітілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі 273 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын жазған болатынбыз.