Биыл Атырауда МӘМС жүйесі арқылы тіс емдеуге 1,1 млрд теңге бөлінді
АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау облысында ауыз қуысындағы сырқатты тегін емдетуге 225028 қызметке 1 млрд 198 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 14 млн теңгеге жуығы туа біткен патологиясы бар жас өрендерге ортодонтиялық көмек көрсетуге бағытталған.
Бұл қызметті МӘМС жүйесі арқылы 14 мемлекеттік, 11 жекеменшік медициналық ұйымда жүзеге асырады. Дегенмен мұндай көмек бәріне бірдей қолжетімді емес. Тегін стоматологиялық қызмет 18 жасқа толмаған балаларға және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған.
- Стоматологиялық көмектің тәртібі ДСМ №106 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл стоматологиялық көмек кімге көрсетіледі? Жоспарлы түрде ең алдымен балаларға және жүкті әйелдерге, шұғыл көмек 1,2,3 топтағы мүгедектігі бар адамдар, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне қызмет көрсетіледі,-деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ АОФ бөлім басшысы Алмаз Кәрімжанов.
Дәрігерлердің сөзінше, тұрғындар көбіне тіс жиегінің ауруымен шағымданады екен. Оның ішінде тісті түзету қызметі де бар. Бірақ ондай мүмкіндікті тек туа біткен патологиясы бар балалар қолдана алады. Тегін стоматологиялық қызмет арқылы жекелеген санатқа жататын азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тіс жұлдыру, пломба салдыруға болады.Жоспарлы стоматологиялық көмекке тұрақты тексеру, профилактикалық процедуралар,кариесті емдеу,тістерді жұлу (қарапайым және күрделі),пломбаларды дайындау және салу (химиялық қатайтылған композиттік материалдардан),фиссураларды тығыздағыштармен жабу сынды профилактикалық және емдік шаралар кіреді. Балалар мен жүкті әйелдерге қол жетімді.
Егер шұғыл көмек керек болған жағдайда зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, 1,2,3 топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаға немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін азаматтар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне тегін қызмет ала алады.
Мамандар алдымен емханалардың Қормен келісім шартының бар-жоғын анықтап алуды ескертеді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырау облысында 71 мың азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған.
Осыған дейін елімізде МӘМС енгізілгеннен бастап 90%-дан астам адам сақтандырылғанын хабарлаған едік.