Биыл Атырауда маса улауға 193,6 млн теңге бөлінген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл Атырау қаласының әкімдігі масаны улау жұмысына 193 млн 648 мың теңге бөлді. Қазір бұл жұмысты атқаруға екі компания кірісті. 

Маса улау
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Елтай Айбатовтың айтуынша, көпқабатты 1200-ден астам тұрғын үйдің жертөлесі мен кіреберісін масаға қарсы дезинфекциялау басталды.

— Масаға қарсы дезинфекция жұмыстары қаланың екі бөлігінде жүргізіледі. Мердігер «AG Disinfection services» ЖШС Жайық өзенінің оң жақ, ал «ARTS» ЖШС сол жағалауда дезинфекциялауды қолға алды. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан арыз-шағымды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі және 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады. Дезинфекциялау жұмысы қай үйлерде жүргізілетіні пәтер иелері кооперативтеріне алдын ала хабарланып, тұрғындарға ескертіледі, — дейді Елтай Айбатов.

Оның айтуына қарағанда, масаға қарсы улау шаһар маңындағы елді мекендерде, ашық су алаңдары мен саябақта, көшелерде жалғасады. Қазір Атырау қаласының оң жағалауында 8 адам мен 8 техника, ал сол жақ жағалауда 6 адам мен 6 техника тартылған.

Әкімдіктің мәліметінше, ашық электрондық конкурстың қорытындысымен 2 мердігер анықталған. Оның бірі — «AG Disinfection services» ЖШС-ға 99 млн 680 мың теңге, ал екіншісі — «ARTS» ЖШС-ға 93 млн 968 мың теңге бөлінген.

«ARTS» ЖШС-ның жоба менеджері Мақсат Жаңаевтің пікірінше, масаға қарсы дезинфекциялауға қолданылатын бірнеше препарат бар. Оның қоршаған ортаға да, адамдарға да зияны жоқ.

— Дезинфекциялау жұмыстарына агран, циперрметрин, анти-инсекта, фаскон препараттарын қолданамыз. Жұмыстар арнайы кестеге сай атқарылады, — дейді Мақсат Жаңаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 8-9 сәуірде жылу желілерінде температура параметрі көтерілетінін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар