Биыл БҚО-да 642 шақырым жол жөнделіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында шалғай орналасқан бірнеше аудан жолы жөнделіп облыс орталығымен байланыс қамтылды. Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті.
«Жол құрылысы жобаларына тоқталсам, облыстан шалғай орналасқан Қазталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарында 2019 жылы басталған республикалық маңызы бар 245 км жол күрделі жөндеуден өтіп, барлық аудан облыс орталығымен тікелей байланыс қамтылды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 144 шақырым «Подстепное – Федоровка» Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі жолды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір 60 шақырымға жуық жол жөнделді, қалғаны келесі жылы жалғасады», - деді Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, өңір басшысы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша «Барбастау – Ақжайық» - Индер» және «Жаңақала – Бисен» бағытындағы жолдардың құрылысы жүріп жатқанын айтты.
«Үкіметтің қолдауымен өткен жылы 82 млрд теңгеге 562 шақырым жол жөнделсе, биыл 92 млрд теңгеден астам қаржыға 642 км жол жөнделіп жатыр. Келер жылы осы көлемдегі жолдарды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Орал қаласындағы көшелерде жөнделіп жатыр. Өткен жылы Орал қаласында 58 км жол жөнделсе, биыл 50 км-ден астам жол жөнделді», - дейді Н. Төреғалиев.