Биыл егінге қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін — сарапшы болжамы

АСТАНА. KAZINFORM — Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника университетінің егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Әділбек Ноғаев биыл егіс науқанына төнетін қатерді атады.

сарапшы
Фото жеке мұрағатынан

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сапалы тұқымның жоқтығы үлкен қауіп төндіреді, өйткені былтыр күз жауын-шашынды болды. Көптеген дақыл тамыр жайып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сапалы тұқым ала алмады. Соның салдарынан биыл кейбір тұқымның тапшылығы бар, алдағы қауіп-қатер осыған байланысты, өйткені сапалы тұқым — мол егіннің кепілі», — деді Әділбек Ноғаев.

Маманның айтуынша, тұқым себу кезеңінде топырақта ылғал болуы маңызды.

«Бұл — өте маңызды көрсеткіш, өйткені өткен жылы бізде жауын-шашын ара-тұра болды, қыста жер қатып, жауған қар мұз қабығының үстіне түсті. Кейбір аймақта қар еріген кезде ол жерге толық сіңген жоқ», — деп толықтырды сарапшы.

Бұған дейін сарапшы су тасқыны салдары егін егу науқаны мерзіміне әсер етпейтінін айтқан еді.

«Биыл елімізде су тасқыны жағдайы өте қиын болды. Су басқан аймақта Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстары сияқты астық себетін өңірлер болды. Бұл ретте, аталған өңірлердегі біраз ауыл шаруашығы тауарын өндірушілер мен фермерлерде егіс жұмыстарын тиісті мерзімде өткізуге қатысты сұрақтар туындады. Айта кету керек, жалпы су тасқыны алдағы егін егу науқанына айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені, су тасқынынан зардап шеккен аудандарда су басқан ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы соншалықты көп емес», — деді Ә. Ноғаев.

Айта кетейік, биыл Үкімет резервінен шаруаларға 60 млрд теңге қаржы бөлінеді.

Сондай-ақ, шаруаларға дизель 15%-ға төмен бағамен сатылмақ.

Бұл туралы кеше Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.

Биыл көктемгі егіс жұмыстарына Үкімет 140 млрд теңге бөліп отыр.

Соңғы жаңалықтар