Шаруаларға дизель 15%-ға төмен бағамен сатылады – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл егін маусымында шаруаларға 376 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.
«Шаруаларды жеңілдетілген жанар-жағармай қамтамасыз ету мақсатында бағасы литріне 250 теңгемен 376 мың тонна дизель бөлінді. Бұл нарықтағы бағадан 15%-ға арзан. Алайда, жергілікті жерлерде дизельді жөнелту жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Бүгінде 194,2 мың тонна ғана (52%) дизель отыны жөнелтілді. Осыған байланысты, облыс әкімдіктері қысқа мерзімде жанар-жағармайды кестеге сәйкес жөнелтуді қамтамасыз етуі қажет», - деді Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Бұған дейін министр еліміздегі қант қорына қатысты пікір білдірген еді.
Сондай-ақ Айдарбек Сапаров биыл шегірткемен күреске 8,1 млрд теңге бөлінгенін мәлім етті.
Айта кетейік, Үкімет басшысы Олжас Бектенов диқандардан тыңайтқыштың жетіспеушілігіне қатысты шағым түсіп жатқанын айтты.