Су тасқыны салдары егін егу науқаны мерзіміне әсер етпейді – сарапшы

егін
Фото: Валерий Бугаев

АСТАНА. KAZINFORM – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әділбек Ноғаев егін егу науқанының мерзіміне су тасқыны қаншалықты әсер ететінін айтты.

«Биыл елімізде су тасқыны жағдайы өте қиын болды. Су басқан аймақта Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстары сияқты астық себетін өңірлер болды. Бұл ретте, аталған өңірлердегі біраз ауыл шаруашығы тауарын өндірушілер мен фермерлерде егіс жұмыстарын тиісті мерзімде өткізуге қатысты сұрақтар туындады. Айта кету керек, жалпы су тасқыны алдағы егін егу науқанына айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені, су тасқынынан зардап шеккен аудандарда су басқан ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы соншалықты көп емес», - деді Ә. Ноғаев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, су тасқыны салдарынан егіс науқанына кедергі келтіретін жыралар пайда болды. Бірақ осындай жыралар көп болмағандықтан, егін егу жұмыстарына айтарлықтай әсер ете қоймайды. 

«Сонымен қатар, зардап шеккен облыстардың кейбір аудандарында республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды су шайып кетуіне байланысты жыралар пайда болды. Олар кейбір егіс алқаптарына баратын жолда тосқауыл болуы мүмкін. Дегенмен, ондай жерлер соншалықты көп емес. Сондықтан, астық егетін өңірлерде су басқан егiстiктер аз аумақты алып жатқанын ескерсек, су тасқыны әсер ете қоймайды», - деді Ә. Ноғаев.

Соңғы жаңалықтар