Биыл елімізге әкелінетін 15 фильм қазақ тіліне дубляждалады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізге әкелінетін 15 фильм қазақ тіліне дубляждалады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Биыл елімізге әкелінетін 15 фильм қазақ тіліне дубляждалады
Фото: pexels.com

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2024 жылы елімізге әкелінетін 15 фильмді қазақ тілінде дубляждауды жоспарлап отыр. Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы «Меломан» компаниясы 2024 жылы 4 көркем фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын кең прокатқа шығаруды көздеуде. 2024 жылғы 14 маусымда «Ойжұмбақ 2» («Головоломка 2») анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің дерегінше, бүгінде режиссура саласында кадрлар даярлауды 7 университет жүзеге асырады. 2024-2025 оқу жылына кадрларды даярлау үшін бакалавриатқа 119 грант және магистратураға 10 грант көлемінде мемлекеттік тапсырыс (2023-2024 жылы бакалавриатта -100 грант, магистратурада - 10 грант) бөлінді.

«Жалпы елімізде анимация саласын дамыту үшін кешенді шаралар қабылдануда және уәкілетті органның бақылауында», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар